Жаңалықтар

«Балалықтан даналыққа»

Бұқар жырау аудандық  балалар кітапханасы жылдағы дәстүрмен, балалар қауымының көзайымына айналып үлгерген балалар кітабы апталығын өткізді. Әр жылы, әртүрлі тақырыппен  аталып өтетін бұл шара, биыл «Балалықтан даналыққа» деп аталды. Бір аптаға созылған көңілді шара, марапаттау және сыйлықтар үлестірумен аяқталды.

Апталықтың алғашқы күні, 15-мамыр Отбасы күніне сәйкес келгендіктен  ашылу салтанаты шара барысында жарияланды және де  отбасымен оқитын оқырмандарға арнап жергілікті полиция басқармасы ұйымы  қызметкері Г.Т.Үмітбаевамен бірігіп  «Біз бақытты жанұя» атты сайыс өткізілді. Келесі күні  Ю.А.Гагарин атындағы орта мектебінің 1-сынып оқушылары мектептен кейінгі баспалдақ – кітапханамен танысуға келді. Келген бүлдіршіндерді ертегі кейіпкерлері Қоян мен Түлкі күтіп алып, кітапхана әлеміне саяхат жасатып, түрлі ойындар ойнатып «Балалар кітап әлемінде» атты  сиқырлы сөйлейтін қаламы бар, ашылса үйшік немесе ұшақтар пайда болатын ашылмалы кітаптары бар немесе ұялы телефоныңды қойсаң  сөйлеп кететін кітаптары бар көрмеге шолу жасады.

Одан кейінгі күні «Әжемнің ертегілері» күнін жариялап , ауданымыздың «Балауса», «Нұрбөбек»  шағын  орталықтарына барып «Ерте, ерте, ертеде…», «Өнегелі ертегілер» ертегі жинақтарынан бүлдіршіндерге  «Үш қыз», «Шал мен Дәу», «Қу түлкі», «Алтын асық» ертегілерін оқып беріп қана қоймай, тәрбиелік мәнін талқылап, мазмұнын ұғындырды. Апталықтың төртінші күнінде  Ю.А.Гагарин атындағы  орта мектебінің 5-сынып оқушылары арасында «Жұлдызды сәт» интеллектуалды ойыны өткізілді. Командалар арасында өткен бұл ойында «Білім» тобы жеңіске жетіп, апталықтың жабылу салтанатына арнайы шақырылды. Бір аптаға созылған танымды шара  мәресіне де жетті, бұл күні кітапхана өміріне белсене атсалысып жүрген оқырмандар, үздік оқырмандар, ең көп кітап оқыған оқырмандар және де отбасымен кітапсүйерлер атанған оқырмандар арнайы қонаққа шақырылып  , марапатталу мәртебесіне ие болды.

Сыйлы оқырмандарына арналған шараға кітапхана тыңғылықты дайындалғаны көрініп-ақ тұр. Қонақтар отыратын оқу залы кафе формасында безендіріліп, үстел үстінде «Тәтті кітаптардан ауыз ти» тақырыбымен тұрған кәмпит салғыштан жайылған ленталар кітапқа жалғанады, лентаны тартқан жағдайда кітаптың мазмұнын баяндайтын ақпараттық парақша қолға ілінеді. Одан бөлек, оқу залының ортасында орналасқан «Балалықтан даналыққа» дәстүрлі кітап көрмесінен басқа, «Оқылған кітаптар экраны»  тақырыбы бар тағы бір стенд орын тепкен, онда марапатталушы оқырмандардың фото-суреттері мен  соңғы  алған 4 кітабының суреті ілінген.

Өз бейнелерін көрген оқырмандар шын сүйсініп, таңданыстарын жасыра алмады. Стендті жалғап тұрған тағы бір көрменің  тақырыбының өзі ерекше – Библиобуфет. Тақырыптың жанында ілінген тәтті тоқаштар мен десерттерді көрген оқырмандар, бөліміндерін көріп тіпті қызықты. Алғашқы бөлімі «Тәтті ертегілер» болса, келесісі «Шытырманды микс» деп аталды, үшінші бөлімі «Детективті десерттер» болса, ең соңғысы «Фантастикалық фантиктер» деп аталған.

Сондай-ақ кештің шырайын келтіріп , әнімен әуелетіп, күйімен күмбірлетіп,  биімен дүбірлеткен «Руханият» қосымша білім беру орталығының шәкірттері де жарады. «Шұғыла» би ансамблі «Трантэлла»  биін билесе, Алкулов Ансаған  «Бір келіншек» әнін домбыраға салып нақышына келтіріп орындады, ал «Еркесамал» тобы «Беу, құрбым-ай» әнін  жанды дауыста шырқап көрермендерді тәнті етті. Кеш соңында жоғарыда аталған мәртебе иелері марапатталды. «Ең үздік оқырман» номинациясын Корнаухов Матвей, «Кітапхана белсендісі» номинациясын Овчинникова Дарья , «Бір жанрлы оқырман» номинациясын  Бекенеева Дильнара, «Оқымысты отбасы» номинациясын Желдыбаевтар отбасы иеленді. Сондай-ақ командалар арасында өткен «Жұлдызды сәт»  интеллектуалды ойынында жеңіске жеткен  «Білім» тобы да марапатталды.  Шараның көркін қыздырған «Руханият» қосымша білім беру орталығының шәкірттеріде алғыс хаттармен марапатталды. Осылайша бір аптаға созылған тағылымды шара аяқталды.