Ысмайылов Әубәкір

Ысмайылов Әубәкір (30.04.1910-8.03.1998) – кескіндемеші, ұлттық кәсіби бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі, Қазақстанның халық суретшісі (1985), 1960 жылдан ҚазКСР-ның еңбек сіңірген өнер қайраткері. Тельман ауданының тумасы. 1928 жылы Омбы көркемөнеркәсіп техникумын, 1932 жылы Мемлекеттік жоғары техникалық көркемсурет шеберханасы (Т.К.Савицкийден), 1938 жылы Бүкілодақтық Кинематографмя институтының режиссерлік факультетін бітірді. 1925-1928 жж. «Еңбекші қазақ» газеті мен Петропавл өлкетану мұражайында суретші, 1933-1935 жж. Қазақстан Суретшілер одағы ұйымдастыру комитетінің төрағасы, 1938-1944 жж. Қазақ драма театрында суретші, әрі режиссер, 1939 ж. Қазақ филармониясы жанында ұйымдасқан алғашқы халық би ансамблінің көркемдік жағын басқарды. Ысмайылов ұлттық кескіндеме өнерінің реалистік бағытындағы суретші.  Жұмысшылардың еңбегі суретші шығармашылығының негізгі арқауы. Бұл «Қарағандыны салу» (1932), «Қарағанды шахталарында» (1932), «Алатау алқабы» (1942) атты т.б. туындыларында көрініс тапты. Ол, негізінен, романтикалық жанрда жұмыс істеді. Суретшінің стилі халық шеберлеріне тән ұқсастықпен астасып жатады. Негізгі шығармалары: «Көрторғай» (1955), «Хантәңіріндегі жайлау» (1959), «Шалкөде алабы» (1956), «Цемент зауыты» (1973), «Мұнда СЭС салынады» (1975). Ол Алматы облысының Бақанас ауданы Жезқазған облысының Атасу селосында көркем сурет галереясын ұйымдастырды.

Яндекс.Метрика