Қарақұдық ауылдық кітапханасында мәдениет қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Кітап оқитын адам мен оқымайтын адамның айырмашылығы» тақырыбында ұстаздар арасында пікірталас ұйымдастырылды. «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында ұйымдастырылған пікірталастың басты мақсаты – қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, кітаптың адам өміріндегі және тұлғалық дамуындағы маңызын насихаттау, жастарды кітап оқуға ынталандыру. Сонымен қатар қатысушылардың сыни ойлау қабілетін, сөйлеу мәдениетін дамыту, өз көзқарасын дәлелді жеткізу және кітап оқуды күнделікті өмір салтына айналдыруға ықпал ету. Алдымен кітаптың адам өміріндегі орны, оның білім мен рухани дамуға тигізетін әсері туралы кіріспе сөз және қазіргі ақпараттық заманда кітап оқудың маңыздылығы мен заманауи технологиялардың білім алудағы мүмкіндіктер жайында айтылды. Пікірталаста қатысушылар екі топқа бөлінді. Бірінші топ «Кітап оқудың пайдасын жақтаушылар» болса, екінші топ «Кітап оқымай-ақ білімді болуға болады» деген ұстанымды қорғады.
І кезеңде «Менің ұстанымым» тақырыбында әр топ өз көзқарастарын ортаға салып, кітап оқудың адам өміріндегі рөлі туралы пікірлерін білдірді. Бірінші топ кітаптың сөздік қорды молайтуға, ойлау қабілетін дамытуға және дүниетанымды кеңейтуге ықпал ететінін дәлелдесе, екінші топ білім алудың тек кітап оқумен шектелмейтінін, өмірлік тәжірибе, интернет және заманауи технологиялардың да маңызды ақпарат көзі екенін атап өтті.
ІІ кезеңде «Дәлеліңді ұсын!» тапсырмасы бойынша қатысушылар өз ойларын стикерлерге жазып, арнайы дайындалған ағаш макетіне орналастырды. Топ мүшелері кітап оқудың пайдасы, сыни ойлау, сөйлеу мәдениеті, тәжірибе арқылы білім алу және ақпаратты тиімді пайдалану туралы өз дәлелдерін ұсынды.
ІІІ кезеңде «Қарсы сұрақ – өткір жауап» бөлімінде екі топ бір-біріне сұрақтар қойып, жауаптарын дәлелдеуге тырысты. Кітап оқымайтын адамның сөздік қорын қалай байытатыны, интернеттегі ақпараттың шынайылығын ажырату, көп кітап оқу мен білімді болудың арақатынасы, өмірлік тәжірибенің маңызы туралы өзекті мәселелер талқыланды.
IV кезеңде «Өмірлік жағдаят» тапсырмасы ұсынылды. Қатысушыларға екі ұстаздың және екі оқушының әрекеттері салыстырылған жағдаяттар беріліп, олардың білім деңгейі, кәсіби дамуы, сөйлеу қабілеті мен ізденімпаздығы жөнінде пікір білдіру ұсынылды. Бұл кезеңде қатысушылар білімді болу тек кітап санымен өлшенбейтінін, алған білімді тәжірибеде қолдану мен үнемі ізденудің маңызды екені атап өтілді.
Іс-шараның келесі бөлімінде «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында ұстаздарға арналған кітаптарды талқылау бойынша Кітап + кофе оқылған кітаптарды талқылау ұйымдастырылды. Қатысушылар кофе ішіп отырып өздері оқыған және оқуға ұсынылған кітаптарымен бөлісіп, кітап мазмұны мен оның өмірлік және кәсіби тәжірибедегі маңызы туралы пікір алмасты.
Қорытындылай келе, өткізілген пікірталас қатысушылардың кітап оқуға деген көзқарасын кеңейтуге, өз ойларын еркін жеткізуге, түрлі пікірлерді салыстырып, дәлелді тұжырым жасауға мүмкіндік берді. Іс-шара өз мақсатына жетіп, қатысушылар арасында мазмұнды пікір алмасу мен ой бөлісу алаңына айналды. Кітап оқуды күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналдыру қажеттігі насихатталды. Қатысқандар – 16 адам. Үлкендер – 7, жастар – 9.
