Әміров Тәуекел Әмірұлы Қызылжар селосына Қарағанды педагогикалық техникумын бітіріп келген. Қызыл әскер қатарына 1939 жылы шақырылған.1941 жылы маусым айында Смоленск қаласындағы атқыштар-пулеметшілер училищесін аяқтаған соң, 8-ші атқыштар дивизиясы 310-ші атқыштар полкі пулеметшілер взводының командирі болып жіберілген. 1941 жылдың 22 маусымында өз пулеметшілер бөлімшесімен фашистік басқыншыларына қарсы ұрысқа кіріскен. 20 күндік тоқтаусыз ұрыста жау күші басымдылық танытып, кеңес әскері қолға түскен. Тұтқындар лагерінде өз жерлесі Қаптай Шушаевпен кездесті. Кейіннен Тәуекелді басқа лагерьге ауыстырған. Онда өзбек, қырғыз, тәжік, түрікмен және қазақ тұтқындарынан Түркістандық легион құрастырған. Легионда Тәуекел пікірлестерін тауып, бірге үлкен үгіт жұмыстарын жүргізген. Мұны біліп қойып, абыржыған немістер тексеру жұмыстарын жүргізіп, көптеген ұйымдастырушыларды атып тастаған. Т.Әміров тірі қалғанымен, оны ажал лагеріне ауыстырып жіберген. Одан аман құтылып 1943 жылдың басында Кубаньға партизан отрядына түскен. Сол жылы қазан айында отряд Қызыл әскер бөліміне қосылған. Кейін осы жылдары басынан кешкен оқиғаларын «Крах легиона» атты кітабына жазған.
ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен, 12 медальмен марапатталған. Соғыстан кейін Қызылжар селосында математика пәнінің мұғалімі, оқу ісінің меңгерушісі қызметтерін атқарған. Көп жылдар бойы Сарань қаласындағы №1, №2 мектептерін басқарған. 1986 жылы зейнетке шыққан. Көп жылдағы еңбегі үшін «Заслуженный учитель СССР», «Заслуженный учитель КазССР» төсбелгілеріне ие болған. «Крах легиона» кітабының авторы.