Өлкетану

Кеңес Одағының Батырлары

Корнеев Иван Ильич (6.06.1914ж.т. – )  Ульянов ауданы (қазіргі Бұқаржырау ауданы) Петровка селосының тумасы, гвардия сержанты, Кеңес Одағының Батыры (1945). Ауылда еңбек етіп, ер жетті. 1936-1939 жылдары Қызыл Армия қатарында қызмет етті. 1941 жылы шілде айында майданға шақырылған жерлесіміз Жеңіс күніне дейін ұрыс алаңында болды. 1945 жылғы қаңтарда 1-Белорусь майданының әскерлері Варшава – Берлин бағытында шабуыл жасай отырып, ілгері жылжи берді. Жауға орасан соққы берілді. Әсіресе, Польшаның Побьянице қаласында кескілескен ұрыстар өтті. Сол жерде сержант Корнеев қоршаудан шығуға ұмтылған жаудың бес танкін жойып жіберді. Бұған қоса екі машина талқандалып, қалған жаудың беті қайтты. Қаһарман Корнеев, өзі бекініп алған орнынан қозғалмай, соңынан көмек келгенше беріспей соғысты. Осынау теңдесі жоқ ерлігі үшін 1945 жылғы ақпанның 25-де КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен И.И.Корнеевке Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Ол соғыстан оралғанда омырауында Ленин, Қызыл Ту, Қызыл жұлдыз, І дәрежелі Отан соғысы орденінің екеуі, осы орденнің ІІ дәрежесі жарқырап тұрды.

Корниенко Прокофий Прокофьевич (9.02.1911- 10.06.1972), Ростовка селосының тумасы, қатардағы жауынгер, Кеңес Одағының Батыры (1943). 1933 жылдан Қарағанды облысы жабдықтау базасының тауар айырушы маманы. 1942 жылдан Кеңес Армиясы қатарында, әскери қызметті 303-атқыштар дивизиясының 347-атқыштар полкінің барлаушылар ротасында атқарды. Украина мен Молдавияны азат ету ұрыстарына қатысты. 27 қыркүйек 1943 жылы Днепропетровск облысы Верхнеднепровск ауданы Червонное селосы маңында бөлімшенің Днепрден өту сәтінде ерлік көрсетті. Барлаушылар бөлімшесінің құрамында бола тұра 2 пулемет нүктесін, 1 ротадай немістің  жаяу әскерін жойып жіберіп, негізгі күштердің оң жағалауға өтуін қамтамасыз етті. 1943 жылғы қазанның 20-нда КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. 1945 жылдан Токаревка кентінде тұрды. Тельман аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, сондай-ақ, әскери комиссариатта қызмет істеді. Ауданымызға қарасты Ғ.Мұстафин кентінде, Ростовка селосында П.Корниенко құрметіне аталған көшелер бар.

Оставить отзыв