Краеведение

Семизбуга

Асмағамбетов Садық Семізбұғы ауылының тумасы. Ұлы Отан соғысына қатысқан.  Соғыс кезінде шайқастардың бірінде тұтқынға түскен. Концлагерьде болып, небір азапты көрген. 1945 жылы басымдық алған кеңес әскері тұтқындағы адамдарды босатып алған. Бірақ тұтқыннан босатып алынғанмен, «тұтқында болған, сатқын болуы мүмкін» деген айып пен күдік, сенімсіздік олардан алынбады. Соның жазасы ретінде оларды үйлеріне қайтармай, ауыр жұмыстарға қалдырып отырған. С.Асмағамбетов та 1945-1947 жылдары Донбасқа шахтаға жұмысқа жіберілген. Қара жердің астындағы жұмыстың ең соңғы сағаттарында, ертеңінде бостандыққа шығатын түні, артынан келіп қалған вагонетка жаншып өткен, содан көз жұмған.


Ақышев Термизи Ақышұлы 1904 жылы туған. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Польша жеріндегі ұрыста бірнеше әскери бөлімшелер қоршауда қалған. Т.Ақышев контузия алып, фашистердің Освенциум  концлагерінен бір-ақ шыққан. Лагерьде қарауылшылардың бақылауында, тас қопару карьерінде жұмыс істеген. Ұрыста алған жарақаты ауыр болып, бұл жұмысқа тіптен жарамаған соң, оны Дрезден қаласына басқа жұмысқа ауыстырады. Дрезден қаласы – Германияның ғылыми-мәдени орталығы болған. Бұнда немістің тілін тәп-тәуір  меңгеріп, жергілікті жұмыскерлермен жақсы қарым-қатынаста болған.

Фашистердің концлагерінде тұтқындарды асқан қаталдықпен қинап жазалаған: шаштарын қырқып, тістерін жұлып, терілерін сыпырып, оларды ажал пешінде тірідей өртеген. Шаштан-мата, парик, тістен- протез, теріден-сөмке, өртеген адам күлінен- тыңайтқыш жасаған. 1945 жылы кеңестік әскер арқасында тұтқыннан азат етілген.

1945 -1947 жылдары Донбаста шахтада болған.

От пен суды ұзағымен кешкен, зұлымдық пен қатігездікті көп көрген Т.Ақышев ешқашан адамгершіліктің адал жолынан таймаған. Ұзақ жылдар бойы Семізбұғы кентінің ауруханасында шаруашылық бөлімінің меңгерушісі болып, сол жерден зейнетке шықты. 1974 жылы қайтыс болған.

Оставить отзыв