Қарақұдық ауылдық кітапханасында «Азаттықты армандаған Алаш арысы» атты ауызша журнал өткізілді. Іс-шараның мақсаты – жасөспірімдерге Алаш қозғалысының көшбасшысы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Бөкейханның өмірі мен қызметін таныстыру, оның ел тәуелсіздігі жолындағы ерен еңбегін насихаттау және өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу болды. Шара аясында «Алаштың ардақтысы – Әлихан» атты көрме-панорама ұйымдастырылып, қатысушыларға Әлихан Бөкейханның өмірі мен қоғамдық-саяси қызметіне қатысты кітаптар мен ақпараттық материалдар таныстырылып, Әлихан Бөкейханның қазақ халқының азаттығы жолындағы күресі, Алаш қозғалысындағы орны мен тарихи тұлғасы туралы мазмұнды ақпарат берді. Ауызша журнал үш бөлімнен тұрды. «Ұлт рухын оятқан тұлға» атты бірінші бөлімде Әлихан Бөкейханның өмір жолы, білімі, ғылыми және қоғамдық қызметі, Алаш қозғалысының қалыптасуындағы рөлі туралы айтылды. Қатысушылар оның ел тәуелсіздігі мен халықтың білімді болуы жолындағы еңбегімен танысты. «Қайсар рух, қасіретті тағдыр» атты екінші бөлімде Алаш қайраткерлерінің қуғын-сүргінге ұшырауы, Әлихан Бөкейханның қайраткерлік қызметі, ұлт болашағы үшін атқарған жұмыстары сөз болды. Сонымен қатар оның қазақ ғылымы мен баспасөзінің дамуына қосқан үлесі кеңінен насихатталды. «Мәңгілік елдің ұлы тұлғасы» атты үшінші бөлімде бүгінгі таңда Әлихан Бөкейхан есімінің ұлықталуы, еліміздің әр өңіріндегі білім беру мекемелері мен көшелерге есімінің берілуі, орнатылған ескерткіштер туралы мәліметтер ұсынылды.
Іс-шара барысында қатысушылар Алаш арыстарының азаттық жолындағы күресі туралы білімдерін толықтырып, ұлттық тарихқа деген қызығушылықтарын арттырды. Шараның тәрбиелік маңызы зор болып, жасөспірімдердің бойында елжандылық пен ұлттық құндылықтарға деген құрмет сезімін қалыптастыруға ықпал етті. Шара соңында қатысушыларға Әлихан Бөкейханның өмірі мен қоғамдық-саяси қызметі туралы мәліметтер қамтылған «Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы» атты жаднамалар таратылды.
Қатысқандар 10 адам. Үлкендер – 2, жасөспірімдер 8.
